Мереке

Балабақшалар пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбеде екі жаңа мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілді.  Ақжар-2 тұрғын үй кешені мен Батыс-2 шағын ауданында бой көтерген балабақшалардың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Ақжар-2» тұрғын үй кешенінде бой көтерген «Өркен» тұлғаны дамыту орталығын «ЕСКАМ» ЖСШ-ның директоры Гүлнәр Құдайбергенова өз қаражатына салған. Барлық заманауи талаптарға сай келетін 4 қабатты ғимарат 200 орындық. Барлық кабинеттер қажетті жабдықтармен жарақталған. Арнайы музыкалық, гимнастикалық, хореографиялық залдар бар. Медициналық кабинетте психолог пен логопед жұмыс жасайды.

Орталықтың аумағы да толығымен көгалдандырылып қоршалған. Ойын алаңдарына демалыс шатырлары орнатылған.

Жаңа орталықтың ашылуына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев заманауи талаптарға сай еңсесі биік ғимаратсалып берген жеке кәсіпкерге өз алғысын білдіріп, жиналғандарды құттықтады.

— Бала — біздің болашағымыз. Олардың білімді, тәрбиелі азамат болып өсуі үшін біз барынша еңбек етуіміз керек. Біздің балалар басқа елдің балаларынан кем болмауы үшін бар мүмкіндікті жасауымыз қажет. Еліміз тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде осы мақсатта қаншама шаруа атқарылғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Бүгінде Ақтөбеде 142 балабақша болса, оған барып жүрген 21 мыңнан астам бала бар. Қазіргі таңда ақтөбелік балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы қала бойынша  98 пайызды құраса, аудандар бойынша 100 пайызға жетіп отыр. Келер жылы Ақтөбе қаласында да  балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту жоспарымызда.

Бүгінгі жетіп отырған жетістіктеріміздің барлығы, әрине, тәуелсіздіктің арқасы. Соны келер ұрпақ біліп өсуі тиіс. Осынау еліміз үшін айтулы мереке қарсаңында балаларға қуаныш сыйлап, бүгінгі орталықтың ашылуына себепкер болған Гүлнәр Жәнібекқызына үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді облыс әкімі.

Лента қиылған соң, облыс әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері балабақшаның ішін аралап көрді.Орталық 7 топқа арналған. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Заманауи жарақталған балабақшада тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Мекемеде автоматтандырылған өрт дабылы жүйесі мен арнайы сатылар орнатылған.

 

***

«Өркен» тұлғаны дамыту орталығын аралап шыққан соң, облыс әкімі бастаған жергілікті билік өкілдері Батыс-2 шағын ауданында бой көтерген «Нұрзерек» бөбекжайының ашылу салтанатына қатысты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған бөбекжай 170 орындық. Балаларға барлық жағдай жасалған. Бөлмелер соңғы заманауи тұрғыда жабдықталып, бірінші қабаттың барлық кабинеттері «жылы еден» жүйесімен қамтылған. Жылу жүйесі — автономды.

Бөбекжайда көркем-эстетикалық бағытта қосымша білім беруге арналған бөлмелерден бөлек, психолог, логопед, қазақ және орыс тілдерін үйрететін арнайы кабинеттер бар.

Алдағы уақытта балабақша әкімшілігі кіші жастан ағылшын тілін оқыту, шахмат, би өнері секілді қосымша білім беру қызметтерін қосуды жоспарлап отыр.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағының баянды болуы жолында балаларымызға, жастарымызға ерекше сенім артып, жағдай жасауға баса назар аударады. Балаларға барынша жақсы жағдай жасауға еліміздің мүмкіндігі жеткілікті. Биылғы жылды Ақтөбеде Балалар жылы деп жариялауымыз бекерден-бекер емес. Біздің балалар білімді, тәрбиелі, бақытты болып өсулері тиіс.

Өздеріңіз білетіндей, балабақшалардың барлығын мемлекет меншігінен салу мүмкін емес. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында облыста бірнеше мектепке дейінгі мекеме ашылды. Соның бірі — Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріліп отырған «Нұрзерек» балабақшасы. Аталған бөбекжайды салып беріп, сөзінде тұрған «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Анатолий Симоновқа алғысымызды білдіреміз, Бөбекжайдың ішінде балалардың күлкісі көп болсын. Балалар бақытты болсын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде бүгінгі таңда 142 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысында балалардың мәдени және физикалық тұрғыда дамып, мектепке дайындалуларына барынша қажетті жағдай жасалған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button